20 Сәуір, 2018

Жазасын өтеушілер саны азайған

219 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бас Прокурор Қайрат Қожамжаровтың төрағалық етуімен қылмыстық жазалардың орындалуы кезінде заңнаманың сақталуы және «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының қызметін тексеру қорытындылары бойынша алқа отырысы өтті.

Жазасын өтеушілер саны азайған

Оған Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Дін істері және азаматтық қоғам, Ақпарат және коммуникациялар министрлері, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Бас Прокурор қылмыстық процесті ізгі­лендіру мен репрессивтілігін азайту мақсатында кешенді шара­лардың қабылданғанын атап өтті. 

Соның нәтижесінде тәуелсіздік жылдарында халықаралық түрме индексі бойынша Қазақстан 3-тен 73-ші орынға көтерілген. Елдегі жазасын өтеушілердің саны 100 мыңнан 35 мыңға азайып, 8 колония жабылған. 

Ал Қауіпсіздік Кеңесінің хат­шысы Нұрлан Ермекбаев пени­тен­циарлық жүйедегі орын алған кемшіліктерге және онда нақты реформалардың жүргізілуі қажет екеніне назар аударды.

Жүргізілген талдау бойынша өткен жылдары сотталғандар арасында жасалатын қылмыс 44 пайызға артқан. Жабық мекемелердегі жазасын өтеушілер арасында өзара қақтығыстар, режімді қасақана бұзу және денеге зақым келтіру қылмыстары жиі орын алған. 

Сотталушылардың ара­сын­дағы өлім жағдайларының өсуі байқалған. Сондай-ақ бүгінде түзеу мекемелерінде мүм­кіндігі шектеулі 756 адам, ісік ауруына шалдыққан 25 адам және өздігінен жүріп-тұра алмайтын 4 адам қамауда отыр.

Осыған орай, Бас Прокурор Ішкі істер және Денсаулық сақ­тау министрліктеріне бас бос­тан­дығынан айыру орындарынан мерзімдерінен бұрын босату үшін аурулар тізімін қайта қарауды тапсырды.

Еңбек және әлеуметтік қор­ғау министріне шамамен 800 сот­­талған-мүгедек мемлекеттік қол­­даумен қамтамасыз ету ұсы­ныл­ды. Сонымен қатар қамау орын­­дарынан босатылған адам­дар­­ды еңбекпен толыққанды қам­­ту тетігін әзірлеу қажеттілігі айтылды.

Прокурорлық тексерулер нәти­жесінде сотталғандарды еңбекпен қамту және материалдық-тех­никалық қолдауын көрсетуге тартылған «Еңбек» мекемесінің қызметінде мемлекеттік сатып алу туралы заңдылықтың жүйелі түрде бұзылуы, лауазымды асыра пайдалану, бюджет қаржысын жымқыру анықталды.

Соңғы 3 жылда сыбайлас жем­қорлық қылмыстарын жаса­ғаны үшін кәсіпорынның Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Батыс Қа­зақ­стан облыстарындағы филиал­дарының 5 басшысы сотталды.

Бас Прокурор жауапты лауазымды тұлғалардың баяндамалары мен есептерін талқылау қорытындысы бойынша жазаларды орындау жүйесін жетілдіру қажеттілігін атап өтті.